Суретші-иллюстратор Кэрри Ньюмайер өнерге баулудың американдық үлгісін көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Суретші-иллюстратор Кэрри Ньюмайер - Американың Кентукки штатына кеңінен танымал жан-жақты өнер иесі. Таяуда ол Алматы мен Астана қалаларында болып, қазақстандық балаларға арнап шеберлік сыныптарын өткізді.

Суретші-иллюстратор Кэрри Ньюмайер өнерге баулудың американдық үлгісін көрсетті

Оларды айналадағы сұлулық пен көркемдікті көре білуге, соны қағазға түсіруге баулыды.

Кэрри халықтың әртүрлі топтарына арналған өнер саласындағы ағартушылық жобаларды жүргізеді. 2002 жылы Цинциннатидегі сурет Академиясын тәмамдап, бакалавр дәрежесін иемденген. Сосын Луисвилл университетінен өнер магистрі дәрежесін алып шықты. 8 жылдан бері мемлекеттік мектептерде сабақ беріп келеді. Оның оқушылары көптеген өнер бәйгелерінде оқ бойы озық шығып, үздік атанған. Бүгінде ол Луисвилл университетіне қарасты білім және адамдық даму колледжінде ұстаздық етеді. Одан өзге Кентукки штатындағы мектептерде дәріс береді. Жастар арасында көшбасшылық, сауаттылық, еркін ой мен тарих тақырыбында түрлі қоғамдық жобаларды жүзеге асырған белсенді тұлға. Журналдарға иллюстрация жасайтын, рок-музыка жазатын және орындайтын өнері де бар. Ол үш күндік Луисвилл музыка фестивалінің қосалқы авторы. Оған бүкіл Америка штаттарынан әнші қыздар келіп қатысады. 10-18 жас аралығындағы қыздарға музыкадан семинарлар өткізіп, аспапта ойнауды үйретеді.

Қазақстанда да Кэрри өнер құдіретін балалардың жүрегіне жеткізу мақсатында бірнеше іс-шаралар өткізді. Әуелі Алматыда 10 күн бойы ARTBATFEST-6 фестиваліне қатысты. Бұл шара АҚШ-тың Қазақстандағы елшілік миссиясының қолдауымен іске асырылды. Сондай-ақ, Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мектебінің оқушыларымен бірге «Ер Төстік» ертегісінің желісімен панно жасап шықты.

Кэрри Астанада да қарап жатпады. Білекті түріп тастап «Замандас» аула клубының балаларына пленкадан скульптуралық туындылар жасау жөнінде шеберлік сыныптарын өткізді. Оған клуб балалары дән риза болды. Кей ата-аналардың балаларын өнер мектебінде оқытуға мүмкіндігі жоқ. Ондай балалар үйінің маңындағы аула клубтарында өнерін шыңдауға, дамытуға тырысады. Сондықтан бұл «Замандас» клубының жеткіншектері үшін үлкен мүмкіндік еді.

Суретшінің балалармен бірлесе жасаған туындылары 4 қыркүйек күні елордадағы Нұржол бульварында көрермен назарына ұсынылды. "Art bombing" деп аталған бұл көрменің мақсаты - астаналықтар назарын балалар шығармашылығына аудару және қаланың креативті имиджін жасау еді. Флеш-моб өз мақсатына жетті деуге әбден болады. Өйткені, ерекше іс-шараны тамашалаушылар қарасы көп болды және олар өнер туындыларын жоғары бағалады, жұмыс авторларымен әңгіме-дүкен құруға қызығушылық танытты. Кэрри сондай-ақ осы клуб балаларының басын қосып, жаңа Америкалық бұрышқа фреска жасап шықты.

«SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілерімен өткен шығармашылық кездесу де өз деңгейінде, өте қызықты өтті. Суретші-педагог қала маңындағы мектеп оқушыларының тыныс-тіршілігімен танысуды да ұмытпады.

Біздің талантты балалар Кэрри Ньюмайердің бала жанына ізгілік дәнін егіп, өнермен сусындатуды өмірлік мақсат еткен педагог, өнертанушы екендігіне көз жеткізді. Ол қазақстандықтар арасында да өнерге деген қызығушылық пен махаббатты оятып, өз мақсатына жетті деген ойдамыз. Америкалық қонақ әсіресе балаларымыздың сурет салуға деген құштарлығын ерекше бағалады.

«Әр бала талантты. Әр баланың қиялы мен өмірді көруде өзіндік көзқарасы бар. Мен сурет салу қолынан келмейтін бала жоқ деп ойлаймын. Ол қабілет барлығымызда бар. Тек соны көре білу керек. Балаға жастайынан оның қабілеті бар екенін, бәрі қолынан келетінін санасына сіңіріп өсіру керек. Мен қазақ балаларының әр нәрсені білуге құштар ізденімпаз әрі өте сабырлы екендігін байқадым. Өмірімде бірінші рет ағылшынша білмейтін шәкірттермен жұмыс істедім. Бірақ өнердің өз тілі бар, сондықтан тіл табысу қиын болған жоқ» дейді Кэрри Ньюмайер. Жанат Қапалбаева