15:51, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Суретші Мұрат Қалқабаевтың «Сыршырай, қолданбалы қолөнер, монументалды-декоративтік өнер, мүсіндер» деп аталатын альбомы шықты
АЛМАТЫ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Сыршырай, қолданбалы қолөнер, монументалды-декоративтік өнер, мүсіндер» деген жаңа альбом шықты. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Көркемдік академиясының академигі Мұрат Қалқабаевтың бұл еңбегі «Қазығұрт» баспасынан жарық көріп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде басылып шыққан бұл альбомның алғысөзін ҚР халық суретшісі, ҚР Суретшілер одағының төрағасы Еркін Мергенов жазған. Мұрат Қалқабаев 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1970 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітірген соң А. Жұбановтың кеңесімен Львов мемлекеттік сәндік және қолданбалы өнер институтына түсіп, оны 1975 жылы аяқтайды. Ал 1979 жылы КСРО Суретшілер одағының, 1991 жылы ҚР Суретшілер одағының мүшесі болады. Бірнеше Бүкілодақтық көрмелерге қатысқан оның туындылары өнер сүйер қауым мен сыншы- cарапшылар тарапынан үнемі жоғары баға ие болды. 2004 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының Қарағанды облысындағы ұйымының төрағасы боп жұмыс жасайтын ол сәулет өнері саласында өнімді еңбек етті. М. Қалқабаевтың 2003 жылы В.Троценкомен бірігіп жасаған «Қобыз» монументалды-cәндік композициясы Қарағанды облыстық драма театрының алдындағы алаңға орнатылды. 2004 жылы Спасск кентінде қуғын-cүргін жылдары құрбан болғандарға арналған мемориал, ал 2007 жылы Қарағандыда қаза болған шахтерлерге арналған ескерткіш орнатылып, оның ашылу рәсіміне ҚР Президенті Н. Назарбаев қатысқан болатын.