Суретші мұражайдағы 1 млн. доллар тұратын құмыраны әдейілеп сындырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Майами қаласындағы (Флорида штаты) Хорхе Перес атындағы өнер мұражайына келуші адам белгілі қытайлық суретші-диссидент Ай Вэйвэйдің құны 1 млн долларға бағаланған құмырасын сындырып тастаған.

Суретші мұражайдағы 1 млн. доллар тұратын құмыраны әдейілеп сындырды

Америкалық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 51 жастағы жергілікті суретші Максимо Каминеро әйнекпен қорғалмаған бірнеше құмыра тұрған залға кірген де, солардың біреуін қолына алған. Күзетшілер құмыраны орнына қоюды өтінген кезде, ол керісінше құнды жәдігерді бар күшімен еденге ұрған.

Каминероның айтуынша, бұл оның мұражайда тек шетелдік суретшілердің жұмыстары қойылатындығы үшін жасаған қарсылығы. Басқа ештеңеге түсінік беруден бас тартқан ол, бүгін арнайы баспасөз-мәслихатын ұйымдастыратынын айтқан.

Каминероға 1 млн доллар шығын келтіргені үшін айып тағылды, оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

Сындырылған жәдігер өткен жылдың соңында ашылған Ай Вэйвэйдің 16 ежелгі құмырадан құралған көрмесіндегі құнды жәдігерлердің бірі болған. Суретші ежелгі құмыраларды жаңа бояулармен әрлендіріп, өзіндік стилін қосып, түрлендіріп шығарған болатын. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл жәдігерлерге шамамен 2 мың жыл болған. Олар Қытайда Хан династиясы билік жүргізіп тұрған кезде (б.д.д 206 - б. д. 220 жж.) жасалған. Құмыралар қойылған қабырғаға Ай Вэйвэйдің өзі де осындай құмыраларды күл-талқан қылып сындырып жатқан суреттер ілінген екен.

Айта кетейік, Ай Вэйвэй тек суретші ғана емес, сонымен қатар, белгілі құқық қорғаушы ретінде де танымал. 2011 жылы ол салық төлеуден жалтарды деген айыппен 3 ай бойы түрмеде жатқан. Алайда өзінің айтуынша, ол қытай билігін сынағаны үшін тұтқындалған.

Суретші бұрыннан бері өз шығармашылығында құмыралар мен басқа да ежелгі жәдігерлерді қолданады.