Суретші Жеңіс Кәкенұлының жеке көрмесі ашылады
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Ертең 7 ақпан күні (сағат 17-00) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Қазақстан Суретшілері одағының мүшесі, кескіндемеші, график, публицист Жеңіс Кәкенұлының жеке көрмесі ашылады. Қылқалам шеберінің бұл көрмесі «Сәйгүлік семантикасы - 4» деп аталады.
Жеңіс Кәкенұлының жеке көрмесі жылқы жылының, яғни 2014 жылғы көрме маусымын ашады. Автор жылқының дәл осы қазақ жерінде қолға үйретіліп, ұрыста, еңбекте, қуанышта, спорттық сайыстар мен ойындарда болсын үнемі көшпенділердің жанында болғандығын мақтан тұтады. Экспозицияда суретшінің осы қасиетті жануарға деген ерекше ықыласын бейнелейтін елуге жуық кескіндемесі мен графикалық туындылары жұртшылық назарына ұсынылмақ. Автор туған халқының «Жылқы - тілсіз кісі» деген өз дүниетанымы арқылы қайырымды серік, адал дос, еркін сәйгүліктің бейнесін шебер жеткізе білген. Жылқыны барша қазақ ерекше қадірлейтіні белгілі. Қылқалам шебері жылқы арқылы ұлттық қадір-қасиетімізді, бастан кешкен тағдырымызды, арман-мақсаттарымызды баяндаған.