Суреттерім өскелең ұрпаққа рухани тәрбие берсе деймін — палуандарды бейнелейтін Еркін Қайшыбек

Қазақтан шыққан әлемге танымал палуандардың суретін салатын бірден-бір суретші — Еркін Қайшыбек, деп хабарлайды Kazinform.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

ҚР Суретшілер одағының мүшесі Еркін Қайшыбек алып күш иелері болған Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақтан бөлек, Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, КСРО, әлем, Еуропа чемпионы Дәулет Тұрлыханов, оны тәрбиелеп өсірген әкесі Болат Тұрлыхановтың, басқа да күрес шеберлерінің бейнелерін сомдап, суреттерін салған. Суретшінің туындылары жоғарыда аталған есімдердің өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа насихаттауға арналған.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

Оқырманға түсінікті болу үшін Еркін Қайшыбектің кім екенін айта кетейік.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

Еркін Базарғалиұлы Қайшыбек — 1961 жылы 28 сәуірде Алматы облысы Райымбек ауданының Қайнар ауылында өмірге келген. 1982 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін бітірген. Ұзақ жылдар аталмыш институтта аға оқытушы болып еңбек етті. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институты директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болды. Бүгінде университет мұражайының меңгерушісі болып еңбек етеді. ҚР Суретшілер одағының мүшесі.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

Жақында суретшіні әңгімеге тартқан едік. Кейіпкеріміз күрес және палуандар тақырыбында суреттерді сала бастағанына шамамен он жыл уақыт болғанын айтты.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

«Бұған дейін басқа да натюрморт, пейзаж, портреттерді, аңшылық тақырыбында суреттерді салғанмын. Менің суреттерім кенеп бетінде майлы бояумен салынған. Жеке шеберханам жоқ, өзім қызмет етіп жүрген университеттің аудиториясын шеберхана ретінде пайдаланамын. Мен Қанафия Телжанов, Салихаддин Айтпаев, Жаңатай Шарденов секілді қазақ суретшілерін әлемдегі ең мықты суретшілердің қатарына кіреді деп айта аламын», — дейді Еркін Қайшыбек.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

Оның айтуынша, жақсы суретші болу үшін алдымен сурет салуды жақсы көру керек,  маңайыңдағы қоршаған әлемге ғашық болу керек, оны шынайы таза көзқараспен қабылдаған дұрыс.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

«Сурет салу барысында ерекше бір әлемге кіресің. Неше түрлі аласапыран күй кешесің, кейін салған суретің өз ойыңнан шықса, одан ерекше ләззат аласың. Ұстаз суретші ретінде менің салған әрбір картинамның тәрбиелік мәні болуы керек деп санаймын. Сол себепті суреттегі кейіпкерлерім өскелең ұрпаққа үлгі болып, бай рухани тәрбиені беруін қалаймын. Жалпы, сурет салу адамға эстетикалық, мәдени тәрбие береді және образдық, шығармашылық ойлау қабілетінің дамуына жақсы әсер етеді», — дейді суретші.

сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

Еркін Қайшыбектің бір ұл, бір қызы және екі немересі бар.

«Отбасыма келсек бір ұл, бір қызым, екі немерем бар. Олардың қайсысы мен секілді суретші болғысы келетінің білмедім. Қазір Алматыда тұрып жатырмын. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мұражайының меңгерушісі болып еңбек етіп жүрмін. Сурет салудан бөлек спортпен шұғылданамын», — деді кейіпкеріміз.

күрес
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

Айта кетейік, Еркін Қайшыбектің салған күш атасы Қажымұқанның портреттері және палуанның өмір тарихынан сыр шертетін картиналары Түркістан облысының Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мұражайына қойылған. Сонымен қатар, жақында Алматыда күрес спорты шеберлерінің бейнелері сомдалған көрмесі өткен еді.

күрес
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді

ҚР Суретшілер одағының мүшесі Еркін Қайшыбек ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хат, Құрмет грамоталары және медальдарымен марапатталған.

күрес
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді
палуан
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді
сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді
сурет
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді