«Сусамырға шалдыққандар сабылмайды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 27 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 «Сусамырға шалдыққандар сабылмайды» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қарағанды облысында аяқ ас­ты­нан 20 жастағы студент Иван Ма­каров жоғалып кетті. Әзірге оның қайда екенін тірі жан білмейді. Бар болғаны ол үйден кетерінде тілдей хат қалдырыпты. Онда «ешкімге зиянымды тигізбей, осылай кет­кенім дұрыс, барлық проблема ше­шілгеннен кейін өзім келем» деген мазмұндағы сөздер жазылған... Үй­ден кетерінде ол өзімен бірге ноутбук, телефон, Altel 4G жылжы­малы интернетін ала кеткен...

«Бақсақ - бақа екен демекші», студенттің алды-артына қарамай, үйден неге безгені енді белгілі бол­ды. Сөйтсе, Саран қаласындағы гуманитарлық-техникалық кол­ледж­дің студенті біраз уақыттан бе­рі интернетте казино ойнайды екен. Алайда, үй-іші оның мұндай құмар ойынға басы байланғанын білмепті. Оқу озаты, тәртібі үлгілі, спортпен шұғылданатын одан мұн­дай «өнер» шығады деп әсте күт­песе керек.

Ағасы Михаилдың айтуынша, Иван интернет ойынханасында ірі көлемде ақшаға ұтылғанға ұқ­сайды. Ол ақшаны біреулерден қарызға алуы мүмкін немесе ойынды қарызға ойнаған. Бір белгілісі, бүгінде Иванды біреулер іздеп жүр жә­не олар қолдарына түссе оны аяйын деп жүрген жоқ... Таяуда Михаил Саран қала­сындағы ішкі істер бөліміне ба­рып, поли­цияға інісі­нің жо­ғалуына бай­ла­ныс­ты арыз түсір­ді. Бұл туралы «Казинодан қашқан қашқын» атты материалда берілген.

Бас басылымда «Тың жобаның артықшылығы көп» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қызылжар өңірінде жолаушылар тасымалдайтын автобустар «Galileo» деп аталатын спутниктік бақылау құралдары арқылы жұмыс істей бастады. Тиімділігі зор тың жобаны астаналық «KazInterSoft» ЖШС орнатты.

Енді бұдан былай қоғамдық көліктердің қозғалысы нақты уақыт режімін қамтамасыз ететін диспетчерлік қызмет арқылы басқарылып, бақыланады. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов «BusReport» диспетчерлік жү­йесінің жұмысымен танысып, аялдамалардың бірінде ор­натылған «ақылды таблоны» тамашалады.

Серіктестік директорының орынбасары Серік Серғазы «Infobus. kz» сайтының ерек­шелігін баяндап, 300 автобус­та «Galileo» деп аталатын спут­­никтік бақылау құрал­дары­ның орнатылғанын мәлім­де­ді. Мұның өзі көлік инфра­құ­рылымын дамытуға, қозғалыс кестесінің қатаң сақталуына, жолаушылар тасымалын жеделдетуге бірден-бір сеп. Күн сайын желіге шығатын авто­бустардың саны жайлы нақты ақпарат ұсынылады. Қоғамдық көліктердің бағыт-бағдарын, жүру кестесін ғаламтор арқылы да бақылауға болады. Жобаның тағы бір ерекшелігі сол, «Infobus.kz» сайтының бағдарламасын ұялы телефонға да жүктей ала­тынында. Бүгінгі таңда 9 мың тұрғын бағдарламаның көме­гіне жүгінген.

Облыстық автокөлік одағы қауымдастығының төрайымы Галина Семенова жолаушы та­сы­малдаушылар бұл жобаны бірауыздан қолдап, серік­тестікпен келісімшартқа отыр­ғанын жеткізді.

Ерік Хамзаұлы Спорт сарайы аялдамасында орнатылған электронды таблоның жұмысымен танысты. Петропавл қаласында мұндай қондырғылардың саны әзірге үшеу. Жарықдиодты эк­ран арқылы автобустың қоз­­ғалыс кестесі мен қанша уақыттан кейін келетінін, ауа­ның температурасын да білуге болады.

***

«Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы «НурАвиценум» медицина орталығында республика бойынша алғашқылардың бірі болып қант диабеті орталығы ашылды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Сусамырға шалдыққандар сабылмайды» атты мақалада. Елбасының 5 институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары - «100 нақты қадамның» 81-қадамында көрсетілген «жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізуді» іске асыру мақсатында жүзеге асырылған қадам тұрғындардың көңілінен шықты. Сонымен бірге бұған биыл елімізде орындала бастаған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының да өзіндік септігі тигені анық. Сусамырға шалдыққан науқастар орталық арқылы тегін емделіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін болады.

Жаңа емдеу орнының ашы­луына арналған салтанатқа арнайы келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев:
- Елбасымыз қазіргі жаһандық экономикалық дағдарысқа қара­мас­тан еліміздің дамуын тоқтатпай, мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясында көзделген меже­лер­ге жету жолында барлық қажетті жағдайды жасауда. Мемлекетіміздің басты байлығы - халқымыздың ден­саулығына көңіл бөлінуде. Ор­та­лықтың ашылуы - мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті ны­ғай­ту туралы тапсырманы орын­дау­дың жарқын көрінісі және С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті мен Алматы облысының әкімдігі ара­сындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумның жемісі.

Осы басылымда «Араб инвесторлары Бәйдібекті гүлдендірмек» атты мақала жарияланды. Біріккен Араб Әмірлігінен келген кәсіпкер Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан Бәйдібек ауданы Шаян елді мекенін көркейту жұмысына 1 млн 700 мың доллар инвестиция салмақ. Халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруды ниет еткен шетел кәсіпкері жергілікті әкімдікпен келісімге келді.

Бәйдібекке жасаған сапарында аудан әкімі Б.Көшербай мен Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан Шаян ауылындағы спорт және мәдени демалыс нысандарының құрылысымен танысып, меморан­дум негізінде бірқатар инвести­ция­­лық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Қос тараптың келісімі аясында аудандағы орталық саябақ пен орталық стадионды қайта құру, волейбол, баскетбол, гимнастика және шағын футболға арналған ойын алаңдарын орнату және жабық бассейн құрылысы жобаларын іске асыру көзделуде.

Араб инвесторы қаржылан­дырған Ақбастау ауылдық окру­гін­дегі құс өсіру орталығына бү­гін­гі күнге дейін 3 млрд 500 млн теңге шетел инвестициясы тарты­лып, онда қазіргі таңда 120 адам жұмыспен қамтылған. 2016-2017 жылдары жобаның үшінші фазасы жүзеге асырылып, тағы да 7 млрд теңге шетел инвестициясын тарту жоспарлануда. Аудан әкімдігі мен құс өсіру орталығының басшылы­ғы арасында жасалған келісім бо­йынша жобаны жүзеге асыру нәти­жесінде, жаңадан ашылатын 400-ге жуық жұмыс орындарының 80 пайызына аудан тұрғындары орналасатын болады. Сонымен қатар қосымша кіріс көздерін қалыптастыру үшін аталған құс орталығы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеуші ретінде тіркелді.

***

Танымал «Доширак» брендімен Оңтүстік Қазақстан облысында кеспе өнімдері шығарылады, деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санындағы «Шымкентский рецепт «быстрой» лапши» атты материалында. Кәсіпорынды құру туралы мәміле ОҚО әкімі Б. Атамқұлов пен Ресейдегі «Доширак Коя» корейлік компаниясының бас директоры К. Енчелдің кездесуі барысында келісілді.