Сүт өнімдері импортын қысқарту үшін қандай шаралар қабылданды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тонна. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сүт өнімдері бойынша ішкі нарықта ірімшік пен сүзбе, қоюландырылған және құрғақ сүт бойынша импорт көлемі бар. Сүт шикізатына қайта есептегендегі сүт өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Отандық сүт зауыттары бұл тауарларды өздері өндіре алады, дегенмен олардың өндірістік қуаттары толық жүктелмеген. Сапалы тауарлық сүт шикізатын өндіру көлемін ұлғайту мәселесін шешу қажет. Сондықтан министрлік орта мерзімді перспективада өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларын іске қосу және олардың қуаттылықтарын кеңейту есебінен тауарлық сүт өндірісін ұлғайту міндетін алға қойып отыр», - деді министр Үкімет отырысында.
Сүтті мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру үшін министрлік мынадай шаралар қабылдады: сүт фермаларын салу кезіндегі міндетті мемлекеттік сараптама талабы алып тасталды, бұл фермаларды жобалау мерзімін алты айдан бір жарым айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
«Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында кредит сомасының 85%-на дейін инвестордың қарыздарын кепілдендіру тетігі енгізілді. Сүтті, сатып алынған асыл тұқымды малды субсидиялау нормативтері, инвестициялық субсидиялау нормативтері қайта қаралды. Малдың өзін кепілге қоя отырып, асыл тұқымды малды сатып алуды қаржыландыру құралы енгізілді», - деп нақтылады С. Омаров.
Оның сөзіне қарағанда, аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің іскерлік белсенділіктеріне оң әсер етті. Егер бұдан бұрын жылына 3-5 өнеркәсіптік сүт фермасы іске қосылса, биыл жалпы қуаты 107 мың тонна сүт болатын 33 сүт фермасы жобасы іске асырылуда. Жалпы, Кешенді жоспардың индикативтік тапсырмасы аясында жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта облыс әкімдіктерімен алдағы жылға 39 сүт фермасын салу жобалары пысықталды.
Міндеттерді іске асыру үшін кредит беру және мемлекеттік қолдау көрсету мақсаттарына 3 жылға қосымша 147 млрд теңге бөлу қажет етіледі. Бұдан басқа, Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы секілді сүт фермаларын салуды қаржыландыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту ескеріліп отыр.