Сүт өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін өңдеуші салаға қолдауды арттыру қажет
Бүгін елімізді сапалы әрі қауіпсіз сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, саланың бәсекеге қабілеттігін арттыру шараларына арналған конференция барысында журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның сүт өнімдері сапасы жағынан Ресейдің де Беларустың да өнімдерінен кем түспейді. Дегенмен, бағаға қатысты бәсекелестікте бірқатар назар аударатын мәселелер баршылық. Баға бәсекесінде Беларустың сүт өнімдері алдыңғы орында тұр. Сондықтан да, Қазақстан сүт одағы ағымдағы жылға арналған еліміздің сүт өнімдерін өндірушілерді қолдауға арналған бағдарлама әзірлемек. Бұл бағытта Үкіметтің атына бірқатар ұсыныстар қамтылатын болады», деді Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.
Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін сүттің жылдық мөлшері беларустардың мөлшерімен шамалас. «Дегенмен, беларустар өндірген сүттің 95 пайызын кәсіпорындар арқылы қайта өңдеуден өткізіп, саудаға шығарады. Ал Қазақстанда өңделетін сүт көрсеткіші 2009 жылы бар болғаны 24 пайызды ғана құрады. Ал осы мәселенің саралап қарасақ, Беларус елінде бұрынғы кездерден бері сүт өңдейтін ірі кәсіпорындар, фермалар мен ұжымшарлар сақталған. Ал біздің елімізде бұндай ірі кәсіпорындар жоқтың қасы. Сондықтан да елімізде сүт өнімдерін шығаратын зауыттарды, ірі фермаларды құру қажет. Жалпы, Батыс еуропа елдерінде сүттің 90 пайызы зауыттарда өңделеді, біз де осыған қарай ұмтылуымыз керек», деді В. Кожевников.