Сүйегім Отанымда жерленсе, шіркін-ай – Қытайдағы қазақ әжейдің арманы
Қытайға іссапармен барған қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Үрімші қаласына қарасты Үрімші қыстағында тұратын қазақ отабасы қонақ етті. Үйдің үлкені, ақжаулықты әже Париман Шаймарданқызы Kazinform тілшісіне жат елдегі тыныс-тіршіліктері туралы айтып берді.

Қытайда тұратын Париман Шаймарданқызы қазақстандықтарды қазақы салт-дәстүрмен шашу шашып қарсы алды. Көзіне жас алған ақжаулықты әжей ең алдымен: «Ел-жұрт аман ба?» — деп сұрады. Жасы жетпістен асқан Париман Шаймарданқызы Үрімші өңірінде туып-өскен.
«Жолдасымнан 42 жасымда қалдым. Жалғыз өзім үш қызымды өсіріп жеткіздім. Қазір бәрі балалы-шағалы. Ортаншы қызым мен күйеу балам қолымда. Кәсібіміз — диханшылық. Соңғы он жылда осы кәсіпке туризмді қостық. Өздерің сияқты шет елден және ішкі Қытайдан келген туристерді күтеміз», — дейді ол.

Айтуынша, туристерге ұлттық тағамдарды ұсынады.
«Келген қонақтарға дастархан жайып, ұлттық тағамдарымызды ұсынамыз. Атап айтар болсам, қазы-қарта, қымыз-шұбат, құрт-ірімшік, сары май, бауырсақ және тағы басқалары. Бәрін қызым дайындайды мен енді арасында шамам келгенше көмектесемін», — дейді әжей.



Париман Шаймарданқызы Қазақстанға деген сағынышын да жасыра алмады. Осыдан 7-8 жыл бұрын өмірінде алғаш рет Жетісу өңіріндегі туысқандарына келген екен.
«Қазақстан — мені өмірге әкелген әке-шешемнің кіндік қаны тамған жер. Отаным! Осыдан 7-8 жыл бұрын Талдықорғанда тұратын туысқандарға қонаққа бардым. Ұшақтан түсе салысымен қарашаңыраққа иіліп сәлем бердім. Бір ай болдым. Бәрі ана тілімде сөйлейді. Сондай керемет әсер алдым. Үйге қайтып келгенімде біраз уақытқа дейін жан-дүнием алай-дүлей болды. Өзіме қымбат нәрсем қалып қалғандай сезімде болдым», — деп көзіне жас алды әжей.
Париман Шаймарданқызының арманы — немерелерінің Қазақстанда білім алып, өз елінде ер жеткені.
«Қай уақытта дәм тартады, сол кезде елге көшеміз. Бала-шағам өз елінде білім алса, ана тілінде сөйлесе деймін. Бұл жақта қазақ мектебі жоқ. Қытай тілінде оқиды. Немерелеріме барынша қазақ тілінде өлең үйретіп, жатар кезде ертегі оқып берем, шырағым. Сүйегім Отанымда жерленсе, шіркін-ай деп армандаймын», — дейді ол.



