«Сәйгүлік»: Табылды Досымовқа арналған қойылым қалың көрерменге жол тартады

АСТАНА. KAZINFORM – Жақында өмірі мен өнері аңызға айналған қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов туралы қойылым көрерменге жол тартпақ. Спектакльдің авторы мен актеры Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, жаңа туындыны қалың көрерменге таныстырды. 

«Сүйгүлік»: Табылды Досымовқа арналған қойылым қалың көрерменге жол тартады
Фото: wikipedia

– Биыл Табылды Досымовтың 60 жылдығы ғой. Сол туралы біле сала Атырауға қарай жол тарттық. Қаладағы Махамбет театрында да Табылды жайлы спектакль қойылды. Біз бұл тұлғаны зерттеген кезде басқа да қойылымдардың қалай қойылып жатқанын көру үшін ондағы спектакльді де қарап шықтық. Ары қарай ақынның туған жері Индер ауданына сапарладық. Ағамыздың басына барып, құран бағыштап, ұлы Абылмен жолығып, балаларынан рұқсатын алдық. Ол жақта әншінің достары басқаратын Табылды атындағы үлкен қор бар. Солардың бәрімен келісіп, өз идеямызды айттық. Ол кісілерде біз білмейтін кітаптар, біз білмейтін ән дискілері бар екен. Бұрын өзі жұмыс істеген мәдениет үйіне де жол түсті. Көзі тірісінде көрген адамдармен сұхбаттастық. Сол материалдардың бәрін жинағаннан кейін, Астанаға келіп, жазуды бастап кеттім, - дейді «Сәйгүлік» музыкалық драмасының авторы Қазыбек Аманжол.

Қазыбек Аманжол
Фото: видеодан алынған скрин

Қойылымның премьерасы 12-13 шілде күндері Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында өтеді.

– Оны наурыз айында жазып бітірдім. Кейін режиссер екеуміз бірге қарап шықтық. Солай мамыр айынан бастап қойылымның оқылымына кірістік. Кейін Табылдының ұлы Абылдың өзі келіп, сценарийді оқыды. Пьеса оған қатты ұнады. Шығарма жазылмай тұрып айтқан өзінің ойлары да болатын. Сонымен санасып, кейіпкеріміздің барлық жақынымен келісіп, көркемдік қойылым дайындап шығардық. Қазір осы тұсаукесерге дайындалып жатырмыз. Музыкалық драма тек Табылдының әндерімен қойылады. Қойылым 1 сағат 40 минутқа созылады. Спектакльде біз көбіне оның студенттік, жастық шағын сахналаймыз. Өлеңдері қалай, қай уақытта шықты? Табылды ағамыз Желтоқсан көтерілісіне де қатысқан және Алматыдағы басынан кешкен оқиғалары қамтылады, - дейді қойылым авторы Қазыбек Аманжол.

Ақжол Амантай
Фото: видеодан алынған скрин

Ал Табылдының рөлін сомдайтын актер өзін бард ақынға ұқсататындар жиі кездесетінін айтады.

– Бізде басқа да қойылымдар бар. Сол қойылымдардың бірін қойып жүрген кезде режиссер Әли Бидахмет «Сенің осы Табылды Досымовқа түр-сипатың, келбет-кескінің келеді» деп айтқан еді. Бір күні оны да қоярмыз деп жүріп, бүгінде дайындықты бастап кеттік. Жалпы, елдің бәрі маған «ұқсайсың» деп жиі айтады. Мүмкін, ұқсайтын да шығармын. Қойылымда бас-аяғы 13 ән орындалады. Олардың 6-ауы менікі, - дейді Ақжол Амантай. 

Айта кетейік, Алматы әкімдігі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрын жөндеу жұмыстары 2026 жылға дейін аяқталатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар