Сұйытылған газдың арзандауы шетелге заңсыз шығарылуына әкеп соқты – Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда сұйытылған газдың бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шет елдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.

«Сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мәселесіне келсек. Отынның бұл түрі мұнай-газ химиясы үшін құнды әрі тапшы шикізат. Бұл ретте Қазақстанда сұйытылған газды автомобиль отыны ретінде пайдалану көлемі артып келеді. Қазақстанда оның бөлшек саудадағы бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шет елдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен. Ал бағаның төмен болуы ірі көлемде сұйытылған газдың шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соқты», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-Министр бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырғанын еске салды.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Сондай-ақ мына мәселелерге назар аудару қажет», - дейді ол.