Сұйытылған мұнай газын сақтайтын серіктестіктің 955 млн теңге табысы тәркіленді

дизель
Фото: Pixabay

АТЫРАУ. KAZINFORM – Сұйытылған мұнай газын сақтайтын серіктестіктің 955 млн теңге табысы тәркіленді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС қызметіне тергеу жүргізді. 

«Нәтижесінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеу арқылы сұйытылған мұнай газы нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдаланудан тұратын бәсекелестікті қорғау туралы Заңнаманы бұзу анықталды. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімімен серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Серіктестіктен 955 млн теңгеден астам монополиялық табыс тәркіленіп, 162 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады өңірлік департаменттен.

Алайда, серіктестік сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіген. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы серіктестіктің шағымын қабылдамай, бірінші сатыдағы шешімді күшінде қалдырды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстандағы газдың 85 пайыздан астамы батыстағы үш кен орнынан өндірілетінін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар