Сұйытылған газ бағасының күрт өсуін шектейтін шаралар қабылданады
«Сұйытылған газ нарығындағы жағдайды толық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жедел іс-шаралар қабылданды. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі 2 бұйрық бекітті. Біріншісі - 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін сауда-саттық қағидаларын тоқтата тұру жөніндегі бұйрық. Оған сәйкес Энергетика министрлігі сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс өткізетін болады. Екіншісі - сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын төмендету жөніндегі бұйрық. Оған сәйкес газдың бір тоннасы 28 мың теңгеге дейін белгіленеді», - деді министр.
Сонымен қатар ол бүгінгі күні электрондық сауда алаңдарынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған газды жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізу бойынша бұйрық әзірленгенін айтты.
Бұл түзетулер республика аумағында көтерме және бөлшек саудада өткізу құқығы бар субъектілердің тізбесін кеңейту арқылы елдің ішкі нарығын сұйытылған газбен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Қысқа мерзімді іс-шаралар ретінде осы жылғы қаңтар айының соңына дейін Үкіметке сұйытылған мұнай газы бағасының күрт өсуін шектейтін ашықтық қағидаттары мен тетіктерді енгізуді ескере отырып, электрондық сауда алаңы/тауар биржалары арқылы сұйытылған газ сауда-саттығын одан әрі жетілдіру жөнінде кешенді іс-шаралар енгізілетін болады. Үкіметпен келісілгеннен кейін бұл іс-шаралар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу түрінде ресімделеді», - деді Болат Ақшолақов.