Светлана Жақыпова ұлттық компания басшыларының табысына қатысты пікір білдірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова квазимемлекеттік компания басшыларының айлығы мен сыйақысын елдегі күнкөріс деңгейіне байлау туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Жақыпова
Фото: Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі

«Квазимемлекеттік сектордағы басшылар мен менеджерлердің айлығы мен сыйақысы туралы даулы пікір көп. Қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, халық олардың қыруар сыйақы алатынын қабылдамай отыр. Аталған басшылардың айлығы мен сыйақысын ең төменгі күнкөріс деңгейі, саладағы ең төменгі жалақы сияқты әлеуметтік көрсеткіштерге байлап реттеу туралы ұсынысқа не айтасыз?», - деп сұрады журналист Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Министр Светлана Жақыпованың айтуынша, ол басқаратын ведомство квазимемлеттік сектордағы еңбекақы мәселесін реттеуге құзырлы емес.

«Негізі менің айтарым, депуттар өз ұсыныстарын квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп жүрген азаматтармен бірлесіп қарастыру керек. Біріншіден, Үкіметтің №1193 деген қаулысы бар. Азаматтық қызметкерлердің жалақысын ғана мемлекет реттейді. Өзіңіз түсінесіз ғой, яғни бұл қаулы білім саласында, денсаулық саласында және әлеуметтік саладағы қызметкерлердің жалақысын ғана реттейді. Ал квазимемлекеттік секторға министрліктің құзыреті жоқ», - деді Светлана Жақыпова.

Оның пайымынша бұл мәселені нарық өзі реттеуі керек.

«Екіншіден, сіз айтып отырғандай жағдай, квазимемлекеттік сектордың жалақысын реттеу деген мәселе халықаралық деңгейде де жоқ. Нарық қатынасы дейміз. Ондағы басшылардың табысын күнкөріс деңгейіне немесе орташа айлыққа байлау деген мәселе жоқ. Сондықтан депутаттар мұндай ұсынысты аталған басшылармен отырып өздері талқылау керек. Сіз әлеуметтік желі қолданушылары ұсынды деп отырған бастаманы депутаттар да көтеріп жүр. Ол ұсынысты мемлекет қабылдап, тиісті жұмыс істеу керек деп отырсаңыз, онда көрейік», - деді министр.