Сыбайлас жемқорлық фактілері көп кездесетін ведомстволар мен өңірлер анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы, Әділет және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өңірлік қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына көбірек барады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік қызметкерлердің жағымсыз себептермен жұмыстан босатылуы мәселесі ерекше алаңдатады. Олардың жартысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қызметінен кетті. Негізінен, олар Қаржы, Әділет және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өңірлік қызметкерлері. Осы орайда өңірлер бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының ең жоғары үлесі Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл облыстарының қызметкерлері тарапынан жасалды»,-деді Шайымова агенттіктің алқа мәжілісінде.
Бұл тұрғыда ол осы бағыттағы заң бұзушылықтармен күресті күшейту мәселесіне тоқтала келе: «Аумақтық департаменттер алдын алу шараларына ерекше мән беруі тиіс. Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы барша мүмкіндіктерді толық пайдаланған жөн»,-деді.