Сыбайлас жемқорлық жасау тәуекелі жоғары лауазымдар тізімі кеңейтілмек - Қорғаныс министрлігі
Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлық қылмыстары 2011 жылдан бері қарай 46 пайызға яғни 41-ден 22 пайызға төмендеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және барлық әскери басқару органдарының жұмысын үйлестіру бойынша оң нәтижеге қол жеткізу мақсатында 2014 жылы Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі іс-шаралар Жоспары бекітілді. Жоспарда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау тәуекелі жоғары лауазымдар тізімін кеңейту көзделіп отыр. Осындай лауазымдарға қабылдауға және оларды атқаруға ерекше жоғары талаптарды белгілеу, олардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау бойынша тексерулер жүргізу тетіктерін қолдану мүмкіндігі туралы міндеттемелер қабылдау жоспарланған. Бұл ретте ондай тексеруден өте алмаған адамның әскери қызметті жалғастыру мәселесі қаралатын болады. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі мен конструктивтік сипаттамаларын ескере отырып, әскери-техникалық мүлік стандарттарын әзірлеу (киім-кешек, жиһаз, казармалық қордың мүлкі және т.б.), мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы үшін техникалық тапсырмаларды дайындау кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, Қарулы Күштер, өзге де әскерлер мен әскери құралымдар әскери қызметшілерінің ар-намыс кодексін әзірлеу, жоғары және орта әскери оқу орындарында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас негіздері» пәнін енгізу көзделген. «Қазіргі уақытта Әскери полиция бас басқармасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер әскери қызметшілерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы білуіне тестілеу өткізуде», делінген ҚР ҚМ Баспасөз қызметінің хабарламасында.