Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік логотипін таныстырды
«Фирмалық стиль – коммуникацияның бір түрі. Фирмалық стильдің болуы әлемдік корпорацияның, бизнестің ажырамас элементі болып саналады. Дамыған және дамып келе жатқан елдерде визуалды коммуникацияны мемлекеттік органдар да кеңінен пайдаланады. Мәселен, FBI жазбасы бар бейсболкаларды немесе NASA жазбасы бар жейделерді көрген боларсыздар. Мұның бәрі де айналып келгенде шетелдік мемлекеттік органдардың визуалды коммуникациясының элементтері. Ал Қазақстанда бір өкініштісі, өзіндік коммуникациялық бренді бар бірде-бір мемлекеттік орган жоқ», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің кадрлық жұмыс бойынша басшысы Нұрлан Жақсымбетов агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуына қарағанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осынау трендтен қалмауды жөн көріп отыр.

«Елбасы мен Президент мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтықты қысқарту, байланысты жақсарту маңыздылығына бірнеше мәрте тоқталған болатын. Осы коммуникацияның формасы да маңызды. Сол себепті, Агенттік төрағасы аталмыш идеяға қолдау білдіріп, Агенттіктің фирмалық стилін құру бастамасын мақұлдады. Сіздерге жаңа коммуникациялық логотип пен эмблеманы таныстыруға рұқсат етіңіздер», - деді Нұрлан Жақсымбетов.