Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту, лауазымды адамдардың жауапкершілігін арттыру мақсаты көзделуде

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат - Заң жобасын қабылдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейтуге, лауазымды адамдардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
None
None

Осы мақсатта әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Үкімет Мәжіліске ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл заң жобасы «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Президентінің 2009 жылғы сәуірдің 22-сіндегі Жарлығының 4-тармағын орындау үшін әзірленген.

Аталған Жарлыққа сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесіндегі «мүдделер қақтығысы» ұғымын заңнамалық деңгейде айқындау қажет. Бұл ретте мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу тәртібін регламенттеу, оның ішінде мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметтен босағаннан кейін белгілі бір мерзім ішінде оның қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде тікелей бақылауында немесе оның құзыретіне сәйкес тікелей байланысты болған коммерциялық ұйымдарға жұмысқа ауысуына тыйым салуды белгілеу қажеттілігі көрсетілген.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулерді мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдарға да қолдану тапсырылған.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарға тиісті түзетулер енгізу көзделген.

«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға мемлекеттік қызметшінің жеке мүдделері мен азаматтардың, мемлекеттің мүдделері арасында қайшылықтар туындайтын немесе туындауы мүмкін жағдай - «мүдделер қақтығысының» анықтамасы енгізілді.

Тұлғалар үшін мемлекеттік қызметтен босағаннан кейін коммерциялық ұйымдарда жұмысқа орналасуға тыйым салу Еңбек кодексінде көзделеді.

Мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулер мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдарға қолданылады. Тиісті нормалар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңға енгізіледі.

Бұдан басқа, заң жобасымен Қазақстан Президенті Әкімшілігінің 2009 жылғы маусымның 9-ындағы тапсырмасына сәйкес «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарға мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болуы мүмкін көрінеу жалған құжаттар мен мәліметтерді кадр қызметіне тапсырған тұлғаларды жұмыстан босатуды, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың нәтижесінде жасалған актілер мен іс-әрекеттерді міндетті түрде жоюды және басқа нормаларды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сондай-ақ заң жобасында құқық қолдану практикасына байланысты бірқатар кемшіліктер жойылған.

Соңғы жаңалықтар