Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды бақылауды жүйеге келтіру керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің облыстарындағы кейбір мәслихаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаға қатысты шараларды тиісті деңгейде атқарып отырған жоқ. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалуын талқылау кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аталған кеңестің мүшесі Төлеген Ибраев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы кезде бұл бағытта Ақмола облысының мәслихаты жұмысын жандандырды. Алайда, төрт жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері облыстың 20 мәслихатында тек 6 отырыста ғана қаралған. Сонымен қатар Павлодар облысының мәслихаттарында бағдарламаны жүзеге асырудың кезеңінде өңірде жемқорлыққа қарсы шаралар 2 рет қарастырылған. Барша мәслихаттардың қаулылары ештеңені де ашып отырған жоқ және міндеттеп отырған жоқ.
Бұдан бөлек, Т. Ибраев кейбір өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды орындауға бөлінген қаржыны игеруде де кемшіліктер бар екендігін атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша жалған есептер Астанаға жіберіледі. Бұл тұрғыда кейіннен жалпыреспубликалық көрсеткіштер шығарылады», - деді ол.
Осы орайда ол көптеген мәслихаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға қатысуы тиісті деңгейде емес екендігін жеткізді.
Дегенмен де ол еліміздің облыстарында атқарылып жатқан шаралар қанағаттанарлық екенін, алайда бұл шараларды көрсету, жүйеге келтіру, істерді бақылауды жандандыру керектігін атап өтті.
«Жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, оларды жүйеге келтіру қажет», - деді ол.