Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою тұрғысында оңтайлы жұмыстар атқарылды - Қ.Саудабаев

АНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жемқорлыққа тосқауыл қою тұрғысында оңтайлы жұмыстар атқарды. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісінде Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлім етті.

Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою тұрғысында оңтайлы жұмыстар атқарылды - Қ.Саудабаев

«Бүгін біз биылғы соңғы мәжілісімізді өткіземіз. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою тұрғысында халықаралық рейтинг аясында елімізде елеулі оң ілгерлеушілік бар»,-деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Осы орайда Қ. Саудабаев аталған комиссиямен Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің оңтайлы жұмысын атап өтті. Агенттік жылдың ішінде жүйелік жұмыстарды атқара білді. Сондай-ақ, Елбасының сыбайлас жемқорлық қылмыстарын төмендету стратегиясын, сонымен бірге соңғы жылдары республикада бұл бағытта атқарылып жатқан шараларды халықаралық ұйымдармен еліміздің әлемдегі әріптестеріне жеткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін айтып өтті.

«Менің ойымша, осы жұмыстардың нәтижесі ретінде еліміздегі жемқорлықтың халықаралық рейтингте оң белес алуы көрсеткіш болып отыр»,-деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Осы орайда ол аталған рейтингте Қазақстан 15 ұстанымға жоғарлағанын атап көрсетті. Айта кетейік, комиссия отырысының күнтәртібінде экономиканың аграрлық секторында және құрылыс саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимылы бойынша шаралар талқыланды. Атқарылған жұмыс нәтижелері туралы ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев пен Құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндап берді.

«Ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекетке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және оатндастарымыздың әл-әуқатын арттырудың маңызды факторы болып табылады»,-деп түйіндеді сөзін Қ. Саудабаев.