Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы О.Әбдікәрімов азаматтарды арыз, шағымдары бойынша қабылдады
Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің басты мақсаты - азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау. Жыл басынан бері аталмыш кеңеске тұрғындардан 300-ге жуық өтініш келіп түскен. Олар негізінен шенеуніктердің шектен шығып, ойына не келсе соны істеу, қызмет өкілеттігін асыра пайдалану сияқты заңсыздықтармен байланысты.
Қоғамдық кеңес осы мәселелерді құзырлы органдарға жолдап, олардың оң шешімін табуына ықпал етеді. Кейбір мәселелер қоғамдық кеңес мүшелерінің қабылдауы кезінде-ақ шешіліп жатады.
Бүгін Оралбай Әбдікәрімов өз өтініштері бойынша 7 адамды қабылдады. Олардың басым бөлігі құқық қорғау органы мен елордадағы мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне байланысты болды. Қоғамдық кеңес төрағасы азаматтардың өтініштерін тыңдай келе, оларды тиісті шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолдады.