Сыбайлас жемқорлықпен күрескен кез-келген азаматты қорғайтын боламын - Н. Назарбаев
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес бәрінің, оның ішінде мемлекеттік органдардың да ортақ міндеті. Осы бағытта аз жұмыс атқарылған жоқ. Әлемдік сарапшылар да оны мойындап жатыр, өзіміз де көріп отырмыз. Бұл ретте барлық бірінші басшылардың назарын өздері басқаратын ведомстволардағы, министрліктердегі, ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа тікелей жауапкершілікте болатындығына аудартамын. Сіздер тікелей осы жұмысқа басшылық жасап, тікелей жауапты боласыздар. Ескерте кетейін, басшылардың орынбасарлары, департамент, комитет басшылары арасында кез-келген жемқорлық қылмыс көрініс табатын болса, Жоғарғы соттағы секілді бірінші басшыны да бірден отставкаға кетіретін боламыз. Іскер әрі адал адамды таңдаңыздар», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Президент мысал ретінде бір-екі оқиғаны алға тартты. «Денсаулық сақтау министрі С. Қайырбекова өз лауазымына келген сәтте, фармацевтика нарығындағы екі жауапты қызметкерді жұмыстан қуды. Сол сәттен-ақ оған қарсы тек қоңырау ғана емес, тапсырыспен мақалалар жазылды. Енді оны төбесінде қорғап тұрған кім екенін іздеп жүрген секілді. Ол менмін. Министр бұдан кейін де бәрін тәртіпке келтіре беруі үшін осындай қолдап, қорғаштауды жалғастырамын. Осы секілді сыбайлас жемқорлықпен күрескен кез-келген адамды қорғайтын боламын», - деді Елбасы.