Сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі бағыттарының бірі кадр саясаты болып табылады - С. Баймағанбетов

Бүгін аймақтармен конференцбайланыс форматында өткен Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі 11-ші отырысында ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов осылай деді.
Министрдің айтуынша, кадрларды іріктеу, дайындау, оларға қызмет беру және тәрбиелеудің барлық жүйесі мұқият қарастырылады. «Барлық тағайындаулардың біліктілік талаптарына сәйкес жүзеге асуына баса назар аударылады. Біздің кадрлық саясатымыз ашық. Келешекте құқық қорғау органдарына қызметкерлерді қабылдауды конкурстық негізде өткізуді жөн көріп отырмыз», деп атап өтті министр.
Сонымен бірге, С.Баймағанбетов полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың жүзеге асуына қатысы бар азаматтардың іс-әрекетін әшекерелеу жөніндегі мақсатты шаралар да қолға алынып жатқандығын атап көрсетті. «Полицейлерге пара берудің 100-ден астам фактісі анықталды. 60-қа жуық қылмыстық іс қозғалды. Алдын алу мақсатында аталған фактілер БАҚ арқылы жұртшылық назарына жеткізілуде», деді ол.