«Сыбайласпен сыйласқанның сазайын тартқызу керек» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Желтоқсанның 29-ы. /ҚазАқпарат/  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 29-ы,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«Елорда театрының еңсерген биігі». Осы тақырыппен жарық көрген «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы мақала елордалық жас театрдың репертуары ғажайып туындымен толыққанын жазыпты. «Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры әртістерінің қатысуымен Ресейдің айтулы хореографы Юрий Григорович сахналаған "Корсар" балеті Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп, әлемдік классиканың үздік туындысын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп тамашалады»,- дейді басылым.

Осы басылымдағы «Өнердің қайталанбас сарбазы» тақырыбымен берілген келесі мақала Қазақстанның халық әртісі, "Тарлан" сыйлығының иегері, театр мен кинода талай образдар сомдаған Қасым Жәкібаевтың өміріне тоқталыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымындағы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, "Құрмет" орденінің иегері Өлмесхан Болатбековпен болған әңгімеде іргелі ұйымның ілгері істері ортаға салыныпты. Сұхбат «Партия белсенділігі - ел белсенділігі» деген тақырыппен берілген.

***

«Ел Үкіметі кеше соңғы тәуліктерін санап жатқан 2009 жылдағы соңғы селекторын өткізді. Бұл жерде биліктегі мұндай форматтағы кеңес - Кәрім Мәсімов ойлап тапқан «ноу-хау» екендігін айта кеткен жөн, сол арқылы жылдар бойы Астана жаққа дүрбі сала қарап, дегбірсіздене хабар күткен барлық аймақ басшылары енді әр дүйсенбіде бейнебайланыс арқылы Үкіметке «тікелей эфирде» шығып, биліктегі шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігіне қол жеткізді»,- деп жазды «Айқын» басылымының  бүгінгі саны. Аталмыш кеңестің егжей-тегжейін газеттегі «Барыс жылы қазақ елі үшін «Мегожобалар жылына» айналмақ!» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

«Қазақстанның жүргізуші куәлігін әлемнің 64 елі мойындайды». Осы тақырыппен берілген «Айқын» газетіндегі келесі мақала жағымды жаңалықтан хабардар етіпті. «Біріккен Ұлттар Ұйымының «Жол қозғалысы жөніндегі» Вена конвенциясының ратификациялануына байланысты Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін дүниежүзінің 64 елі мойындайтын болды»,- дейді басылым.

Басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарында «Сыбайласпен сыйласқанның сазайын тартқызу керек» деген тақырыппен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облыстық басқармасының бастығы Мақсұт Нәлібаевпен болған сұхбат жарық көріпті. Сұхбатта тәртіптік кеңес жұмысы туралы, көп кездесетін заң бұзушылақтар жайында және басқада өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбиді.

***

Қала мерекелері мен түрлі ұйым, кәсіпорындардың арасында өткізілген үздік жаңажылдық безендіруге арналған конкурс мәресіне жетті. Жарыстан озып бәйге алған жеңімпаздарды Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов құттықтап, тиесілі сыйақысын табыс етті. Кімнің бағы жанды? Кім қандай орынға ие болды? Анық-қанығын «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы «Жақсылық жоралғысы» деген мақаладан оқи аласыздар.

Аталмыш басылымның бүгінгі санында «Астана қаласының 2009 жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері» беріліпті.

Сондай-ақ «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі саны Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі комиссиясы ұсынған азаматтардың тізімі жарияланған.

 Ал «Казахстанская правда»басылымы бүгінгі санында Үкімет басшысы мен Астана әкімі кеше елорданың бірқатар әлеуметтік нысандарын аралап көргенін хабарлаған. Газеттің жазуынша, Кәрім Мәсімов пен Иманғали Тасмағамбетов Елбасының тапсырмасымен салынған, балалардың мектепке дейінгі даярлығын өткізетін екі орталықты барып көрген. Сондай-ақ Үкімет басшысы мен Әкім соңғы он жылда бірінші рет күрделі жөндеу көрген перинаталдық орталықтың жағдайымен де танысқан.

Кеше «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жыл қорытындысын шығарып, баспасөз мәслихатын өткізді. Қор басшысы Қ. Келімбетов журналистерге 2009 жылы дағдарысқа қарсы бағдарлама мен банк секторын сауықтыру ісі қалай жүргізілгенін және алда қандай жұмыстар тұрғанын баяндады. Бұл туралы «Казправда»,  «Известия Казахстан»газеттері жазған.  

2010 жылдың сәуірінің 1-інен елімізде индустриялық -инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығының аясындағы жұмыстар басталуы тиіс. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп жазады «Известия Казахстан». Толығырақ газеттің бүгінгі санынан қараңыздар.

Соңғы жаңалықтар