Сыдықов ЕҰУ-ның даму стратегиясын жария етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін халық алдындағы есептік кездесуін өткізген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов еліміздегі басты білім орталарының бірінің алдында тұрған негізгі міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыдықов ЕҰУ-ның даму стратегиясын жария етті

«Біз өз стратегиямызда ұлттық зерттеу университеті мәртебесін алуға ұмтылатынымызды жарияладық. Бүгінгі күні дамудың жаңа кезеңіне қадам басатынымызды ресми түрде мәлімдегім келеді. Бұл нені білдіреді? Елбасының 2001 жылы 5 шілдедегі Жарлығына сәйкес, Еуразия ұлттық университеті өз айрықша мәртебесі бойынша білім беру қызметінің мазмұнын дербес анықтай алатын. Қазір талап та, талғам да өзгерді. Біз мұны жақсы білеміз! Кәсіби біліктілік мақсаты мен жұмыс берушілердің мүддесі - әрқашан біздің ойымызда. «Орталық Азияда білім беру хабын дамыту және ғылымды жаңғырту» бағдарламасы ағылшын тілді бағдарламаларды күшейтті. Соның нәтижесінде шетелдік профессорлар мен студенттердің қызығушылығы артты», - деді Ерлан Сыдықов.

Осы ретте ол ЕҰУ-дың ұлттық зерттеу университетіне көшудегі перспективаларға тоқталды. Оның айтуынша, қос дипломды бағдарламаларды халықаралық деңгейге көтеру шетелдік студенттерді тартуға игі ықпалын тигізеді. Магистратура мен докторантурада оқитындардың қатары көбейеді. Бұл - зерттеу университетінің маңызды сипаттарының бірі.

«Алда негізгі мамандықтар бойынша кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлаудың көп сатылы бағдарламаларын жүзеге асыру міндеті тұр. Сонымен қатар, зерттеу университеті бірінші кезеңде жаңа білім әлеуетін қалыптастырып, ұлттық экономикаға технологиялар енгізуі тиіс. Іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым бағыттары айқындалды. Олар мемлекеттік қаржыландырудың есебінен де, мекемелер мен бизнес құрылымдарының тарапынан да қолдау табады», - деді университет басшысы.