Сын-пікірді футболшыларға емес, маған айтсын - «Тобылдың» бас бапкері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанайлық «Тобыл» футбол клубының бас бапкері Александр Москаленко футболдан Қазақстанның суперкубогы алдында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сын-пікірді футболшыларға емес, маған айтсын - «Тобылдың» бас бапкері

«Біздің команда ертеңгі матчтың маңызын түсінеді деген ойдамын. Өздерінің мықтылығын дәлелдеп, жақсы ойын болуы керек. Футболшылардың арасында жарақат алғандар бар, бірақ аса қауіп жоқ. Команда құрамы толық, ертеңгі жарысқа дайынбыз. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда шабуылшы футболшылар тапшы. Қақпашыларға келсек, бізде олар үшеу және үшеуінің де кәсіби дайындығы жоғары. Қазір футбол клубтарын қаржыландыруға өзгеріс енгізді. Шектеу қойылды, қаржы бөлуде біз белгіленген шектен аспауымыз керек», - деді «Тобыл» футбол командасының бас бапкері Александр Москаленко «Астана Арена» кешенінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, бас бапкер «Тобыл» командасының ойын көрсеткіші туралы жанкүйерлердің сынына қатысты пікір білдірді.

«Жанкүйерлерді түсінемін, олардың жаны ашиды. Бірақ, сын-пікір мен кемшіліктерді футболшыларға емес, маған сілтесін. Команданың дайындығы мен ойын нәтижесіне мен жауап беремін. Футболшылар команданың атынан жауап бермейді. Тағы бір маңызды жайт, команда бір футболшыға мәжбүр болмауы тиіс. Яғни, мықты футболшы кеткеннің өзінде команда абыройын қорғауды одан әрі жалғастырады. Басқа футболшы табылады. Ертең бағымыз сыналады, жауапты күн», - дейді ол.

Қазір «Тобыл» футбол клубының ойыншылары елордадағы «Астана Арена» спорт кешенінде жаттығу өткізіп жатыр.

Айта кетейік, ертең «Тобыл» мен «Қайрат» футбол командасы Қазақстанның суперкубогы үшін бақ сынасады.

Футбол ойыны «Астана Арена» спорт кешенінде кешкі сағат 19:30-да басталады.