«Сыр елі-достық мекені» достық керуені барлық ауданды аралады - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының ұйымдастыруымен Қызылорда облысында «Бейбітшілік және келісім жол картасы» аясында «Сыр елі-достық мекені» достық керуені шілде мен тамыз айларында кең ауқымды бағдарламамен облыстың барлық аудандарында болды.
Достық керуеннің құрамындағы ақпараттық-насихаттық топ мүшелері өздерінің бағдарламаларымен «Батыс Европа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысымен айналысатын «Аккорд окан» мердігерлік мекемесінің жұмысшыларын қуантты. Аталған жұмыс орнының ұжымында әртүрлі ұлттардың өкілдері, атап айтқанда қазақтар, түріктер, азербайжандар, орыстар, кәрістер және т.б. еңбек етеді.
Қармақшы ауданы, ІІІ интернационал ауылдық клубында жиналған көрермендерге аймақтағы белгілі әншілер, бишілер тобы мен этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Осында болған кездесуде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы А. Сағымбай, түрік, өзбек, татар этномәдени орталықтарының және «Славяне» мәдени-қоғамдық орталығының басшылары сөз сөйледі.
Олар мемлекетіміздің көпэтносты және көпконфессиялығын, Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығын, оның рөлін және Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім жайлы кеңінен тарата әңгімеледі. Сонымен қатар, жұртшылықты этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді сақтауға шақырды.
Жүздесу барысында «Аккорд окан» компаниясының жұмысшыларына облыс және Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы туралы бейне материалдар көрсетілді.