Сыр өнерпаздары Әзербайжан жерінде өнер көрсетуде
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Әзербайжан республикалары арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына орай облыстық театр және филармония ұжымдары Әзербайжан Республикасының Баку және Шеки қалаларында өнер көрсетіп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Бауырлас елмен мәдени байланысты тереңдете түсуге бағытталған облыстық әкімдіктің бұл бастамасын Қазақстанның Әзербайжан республикасындағы елшілігі, ӘР мәдениет және туризм министрлігі, ТҮРКСОЙ ұйымы қолдады.
Өнер күндерінің ашылуы қарсаңында Қазақстанның Әзербайжан республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев облыс делегациясымен кездесіп, сәттілік тіледі.
Өткен жылы алыс-жақын шет елдермен мәдени байланысты нығайту мақсатында облыстық филармонияның «Томирис» би ансамблі Түркияда, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында өткен Наурыз мерекесіне қатысып, өнер көрсеткен еді. Сонымен қатар осы өнер ұжымы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ресейдің Орынбор қаласында, Ташкентте, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Тараз қаласында және арнайы мерекелік бағдарламалармен елді мекендерде гастрольдік концерттер ұйымдастырды.