Сыр өңірінде 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасауда. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тікелей эфирінде мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Осының нәтижесінде өткен жылы облыс бойынша 7 200 тонна балық ауланып, балық өнімдерінің экспорты соңғы төрт жылда 5 есеге артқан. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші бөлігінің жүзеге асырылуы нәтижесінде Арал өңірінің балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалған. Осының арқасында бүгінгі күні балықтың 24 түрі қайта келіп, балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін ұлғайды.