Сыр өңірінде Абай оқулары өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Талапкерлер бірқатар тақырыптар бойынша сынға түсті. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Ұлттық тәрбие орталығында Қызылорда қаласы мен бес ауданның мемлекеттік мекемелерінде қызмет істейтін 18-30 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері ұлы ақын шығармаларын көркемдеп оқу мен Абай әндерін шырқаудан бақ сынады. Байқау сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, қазақ тілінде таза сөйлеуіне, әнді орындау мәнеріне, сахналық мәдениетіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша Жалағаш ауданынан келген Мадина Хакимова бірінші орынға лайықты деп танылды. Екінші орынды сырдариялық Гюзель Гильмутдинова иеленсе, қармақшылық Файнс Ашимова үшінші орынға қол жеткізді. Облыста төртінші рет ұйымдастырылып отырған байқау жеңімпаздары қыркүйек айында Астанада өтетін республикалық байқауға жолдама алды.