Сыр өңірінде аналарға арналып, ескерткіштер ашылмақ
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңіріндегі барлық ауданда анаға құрмет ретінде ескерткіштер ашу көзделіп отыр. Бұл жағымды жаңалық облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысқан әйелдер мерекесіне арналған салтанатты шара барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Былтыр Қызылорда қаласының орталық бөлігінде әзиз аналар құрметіне арналған «Ана бақыты» ескерткіші бой көтерген еді. Аталмыш орын қазір жергілікті тұрғындардың ардақ тұтар жеріне айналды. Ендігі кезекте осындай сәулетті орындарды облыстың барлық ауданында ел игілігіне беру ойластырылуда.
«Аяулы жандарға құрмет көрсету - біздің азаматтық парызымыз, перзенттік борышымыз. Қоғам мен мемлекет дамуына белсене атсалысып жүрген әйелдерге айтар алғысымыз зор»,- деді облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов.
Сыр өңірінің дамуында әйел-аналардың қосқан үлесі өте зор. Нәзік жандылар қоғамның қай саласында жемісті еңбек етіп келеді. Соның айғағы ретінде бүгінде облыстың негізгі саласы санатындағы 5 басқармаға әйелдер басшылық жасап отырғанын айта кетелік. Сондай-ақ, мемлекеттің қызметте 3570 адам қызмет етсе, олардың 46 пайызы нәзік жандылар болып табылады.
Қызылорда облысы алтын құрсақты аналар саны жөнінен де алдыңғы лекте келеді. Бүгінде облыста 44 мыңға жуық көп балалы аналар бар. Олардың арасында 27 мыңнан астамы Батыр ана саналады. Оның ішінде 14 мыңға жуығы «Алтын алқа» алса, қалғаны «Күміс алқа» иегерлері. Сонымен қатар, жылма-жыл өсіп келе жатқан кәсіпкерлер қатарында әйелдер көп.
Салтанатты шара барысында елімізге белгілі және жергілікті өнер майталмандары ән мен жырдан шашу шашты.
Әділет Қаңтарбаев