Сыр өңірінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде өткен  жылы 48 нысанның құрылысы жүргізіліп, 25 нысан пайдалануға берілді. Қалған 23 нысан 2017 жылы аяқталады. 

 Сыр өңірінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр

Нақты айтқанда, білім беру саласы бойынша 22 нысан, денсаулық сақтау саласы бойынша 14 нысан, мәдениет саласы бойынша 3 нысанның құрылысы жүргізіліп ел игілігіне берілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы М. Әлсеріков айтып берді, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Спорт саласы бойынша Қызылорда қаласында Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңын қайта жаңғырту құрылысы жүргізілуде. Нысан 2017 жылы пайдалануға беріледі. Әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын салу және қайта құру бойынша    Қызылорда қаласы Талсуат елді мекеніндегі 300 орындық жүйке аурулар интернат үйінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ былтыр облыста 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бой көтерді. 

Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақты дамыту туралы айтар болсақ, 2015-2016 жылдары Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумақтың көше-жолдары мен инженерлік инфрақұрылымын дамытудың техника-экономикалық негіздемелері мен сол жағалауды бекітудің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бекітілді.

Қазіргі уақытта мемлекет кепілдігін алу үшін ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде.