Сыр өңірінде жетіспейтін медицина мамандары үшін облыс әкімі грант бөлді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр бойында медицина кадрларының жетіспеушілігін шешу мақсатында «Жоғарғы медициналық және фармацевтикалық мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық перспективті жоспары» бекітілді.

Сыр өңірінде жетіспейтін медицина мамандары үшін облыс әкімі грант бөлді

Кадрларды оқыту, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру үшін 60 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайта даярлау курстары арқылы аса қажетті мамандықтар бойынша  135 дәрігер  қайта оқытылды. Осы арқылы биыл  неанотолог, травматолог, онколог сияқты өте қажетті мамандар зәрулігі шешілді. Облыс басшысының тапсырмасымен кадрлық резерв құру және қайта даярлау  үшін денсаулық сақтау саласының  15 маманы Польшада  оқытылды. Дәрігерлердің 59,4%-ы білімдерін жетілдірді», - дейді басқарма басшысы.
Осы жылы 81 жас маман облыстың денсаулық сақтау саласына тартылып, оның  60%-ы БМСК (Бастапқы медициналық-санитарлық көмек) ұйымдарына жіберілді. Қазіргі таңда БМСК ұйымдарының дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 95%-ға жетті.