Сыр өңірінің Универсиада алауын Алматыға жеткізу Элизабет Тұрсынбаеваға тапсырылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Бүгін Қызылорда облысында XXVIII қысқы Универсиаданың Алауы жағылғанын хабарлаған болатынбыз. Эстафета қатысушылары түстен кейін қаланың Орталық алаңына жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алаугерлер арасында түрлі саланың өкілдері болды. Солардың бірі белгілі әнші, жерлесіміз Төреғали Төрәлі тілшілерге сұхбат беріп: «Алау көтерген жалау көтергенмен тең құрмет», - деп ағынан жарылды.
Фото: Әлеуметтік желіден алынды
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дүниежүзі өкілдері қатысатын додада ел намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттілік тіледі.
Алау эстафетасы аяқталғаннан кейін «Дэви шамына» салынған алауды мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы II қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева Универсиада серіктесі «Эйр Астананың» ұшағымен Алматыға алып кетті.
Талай сында топ жарған жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева ертең Алматы қаласында өтетін «Алау эстафетасына» қатысады.