Сыр түлегі кір көтеруден республика чемпионы атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында кір көтеруден және қол күресінен ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында Сыр түлегі Нұрсұлтан Көлдеев жеңімпаз атанды, деп хабарлады облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Аталмыш жарысқа кір көтеруден - 158 спортшы, қол күреске - 215 спортшы қатысты. Кір көтеруден ҚР спорт шебері, сырдариялық Нұрсұлтан Көлдеев (1996 жылғы) 68 келі салмақта алдына жан салған жоқ. Жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысып жүрген Нұрсұлтан ересектер арасында сынға түсіп, өзінің шеберлігін шыңдай білді. Ол төрт жылдан бері осы спортпен айналысып келеді. 6 дүркін Қазақстан чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген. Оның спорттағы толағай табыстарына жаттықтырушысы Жасұлан Өмірбаевтың үлесі зор.
Нұрсұлтан үстіміздегі жылғы 1-3 наурызда Қостанайда өтетін Бүкілқазақстандық Универсиадада, 16-20 наурыз аралығында жастар арасында болатын Қазақстан чемпионатында бақ сынамақ.