Сыр велоспортшылары Нью-Делиде өтетін Азия чемпионатына жолдаманы жеңіп алды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Астана қаласында велоспорттан өткен Қазақстан чемпионатында қызылордалық велоспортшылар  5 медаль алып, жалпыкомандалық есепте ерлер арасында екінші орынды иеленді. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Сыр  велоспортшылары Нью-Делиде өтетін Азия чемпионатына жолдаманы жеңіп алды

4 шақырымдық командалық жарыста Асылхан Тұрар мен Роберт Гайнеев жеңімпаз атанса, Ғабиден Әзен күміс жүлдені  иеленді. Омниум сайысында Асылхан Тұрар алтын медальді жеңіп алса, топтық жарыста Роберт Гайнеев қола жүлдені еншіледі. 
Жарыс қорытындысында облыстан 3 спортшы осы жылдың 6-11 ақпан күндері Үндістанның Нью-Дели қаласында болатын Азия чемпионатына жолдама алды.
№3 облыстық велоспорттан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде және облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын спортшыларды жарысқа Руслан Ягафаров, Кеңес Оразалиев және Жандос Махамбетов дайындады.