Сыр жастарының «Сүйікті қалам - Астана!» атты керуені сапарға шықты - Қызылорда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Сүйікті қалам - Астана!» атты жастар керуені сапарға шықты. Оны облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Қызылорда жастары» қауымдастығы ұйымдастырды.

Шара Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығын, Лондон Олимпиадасына облыстан қатысатын спортшыларды және Астана күнін насихаттауға арналды. Аталған жарысқа облыстан төрт спортшы аттанбақ. Олардың қатарында ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы, әлемнің үш дүркін чемпионы Илья Ильин,ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы Алмас Өтешов, еркін күрестен әлемнің қола жүлдегері Дәулет Ниязбеков, жеңіл атлетикадан халықаралық жарыстардың жеңімпазы Виктор Лептиков бар.

Керуен Арал ауданынан бастау алды. Теңіз жағасындағы ауданда алдымен жас ақындардың мүшәйрасы өтіп, кешке орталық алаңда жастар ән мен жырдың көрігін қыздырды.  Бұдан кейін қазыналы Қазалы ауданында «Тегін маршрут» акциясы өтіп, ауданның орталық алаңында мерекелік концерт қойылды.

Кеше керуен шайырлардың отаны - Қармақшы ауданында республикалық «Болашақ бүгіннен басталады» акциясы аясында жастар мен жасөспірімдер арасында футбол ойынын өткізіп, кешке орталық алаңда мерекелік концерт берді.

Бүгін шара Жалағашта жалғасуда. Ауданда «Саламатты Қазақстан» атты аудан жастарының арасында спорттық эстафеталық сайыс өткізіледі. Керуен ертең Сырдария ауданындағы «Жалын» тынығу лагерінде демалушылардың арасында асфальтқа сурет салу байқауын ұйымдастырады. Шаралардың соңы мерекелік концерттерге ұласады.

Қызылорда қаласындағы мерекелік думан 6 шілде күні өтеді. Бұл күні «Тазалық жаршысы» атты қала жастарының арасында тұрмыстық қалдықтардан жасалған қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, кешке қалалық демалыс паркінде жастардың мерекелік концерті қойылады.

Керуен өз жұмысын 7 шілде күні - Жаңақорғанда, 8 шілдеде Шиелі ауданында жалғастыратын болады.     

Соңғы жаңалықтар
telegram