17:43, 19 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Сыраның саптыаяғымен адам өлтірді
АЛМАТЫ. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматылық дәмханалардың бірінде басына сыраның саптыаяғы тиген соққыдан адам қаза тапты, деп хабарлайды қалалық ІІД-і.

«Оқиға күндіз болған. Қаза тапқан 40 жастағы азамат пен А.есімді жүк тасушы екеуінің арасында жанжал туып, соңғысы А-ның басынан сыраның саптыаяғымен ұрған. Оқиға орнына келген дәрігерлер жәбірленушінің бірден өлім құшқандығын анықтады. Соттық-сараптамалық тексеріс нәтижесінде ол жабық бас сүйек, ми жарақатынан қаза тапқан»,- дейді қалалық ІІД-нің Криминалдық полиция басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмысты ашу бөлімінің бастығы Сабыржан Жорабеков.
Саптыаяқпен адам өлтірген күдікті Талдықорған қаласының тұрғыны, бұған дейін бірнеше рет бұзақылық пен бөтен адамның затын ұрлағаны үшін қылмысты болған. Оған қазіргі кезде айып тағылып, тексеру жалғасуда.