Сырдария өзенінде өлімге бас тіккен әйел құтқарылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Сырдария өзенінде өзіне суицид жасамақшы болған әйел құтқарылды. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мекемесінен хабарланды.
Аталған мекемеге Сырдария өзені үстінде белгісіз азаматша жүргені жайлы хабар келіп түскен. Келеңсіз жағдай дария бойындағы Набережная көшесі №1 үйі маңында болған. Шұғыл шақыру бойынша оқиға орнына барған жасақтың 5 құтқарушысы мұз үстінде белгісіз әйелдің жүргенін байқаған. Ол бұларды көрісімен Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараты жанындағы көпірге қарай жүгірген. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, мұз үстімен қашқан әйелді ұстап үлгерді. Өлімге бас тіккен азаматшаның жасы отызда екені анықталған, ол өзінің қылығын суицид жасағысы келетін әрекетімен түсіндірген. Құтқарушылар оны тәртіп сақшыларының қолына табыс етті. Оқыс оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда.
Әділет Қаңтарбаев