Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жұмысы 2023 жылы басталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жұмысы 2023 жылы басталады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жұмысы 2023 жылы басталады

«Бүгінгі күні Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жобаның бірінші кезеңі (САРАТС-1) аясында салынған Көкарал бөгеті қайта жаңартуды талап етеді. Су көлемі 27 млрд текше метр болатын шағын Арал теңізінің бір облыста ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуға айтарлықтай әсер ететінін ескере отырып, Мемлекет басшысы 2019 жылы Үкіметке шағын Аралды сақтау бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырды», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министр бұл мәселе Үкіметтің бақылауында тұрғанын баса айтады.

«Осыған байланысты, 2020 жылы «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру» жобасының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге республикалық бюджеттен 100,5 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаның ЖСҚ-сына мемлекеттік сараптама қорытындысы осы жылдың қыркүйек айында шығуы керек. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023 жылы бастау жоспарланып отыр», - деді Әлихан Смайылов.


Ашық көздерден алынған фото