Сырдарияда балық аулап жүргендердің моторлы қайығы жарылған, бір балықшы табылмай жатыр (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сырдария өзенінің да Арыс ауданына қарасты аумағында 7 қаңтар күні екі балықшы суға ағып кеткен. Бұл туралы ОҚО төтенше жағдайлар департаментіне қарасты апаттық-құтқару жасағының мамандары мәлім етті, деп хабарлайды otyrar.kz.

Сырдарияда балық аулап жүргендердің моторлы қайығы жарылған, бір балықшы табылмай жатыр (ФОТО)

Аққала ауылының екі тұрғыны балық аулауға аттанған. Арада бірер сағат өткенде кенеттен моторлы қайықтың жанармай багы жарылған. Өзен үстіндегі жарылысты көріп, дауысты естіген ауыл тұрғындары да бар.

«Бұл жайында суыт хабар 7 қаңтар күні 12:10-да түсті. Сағат 13:00-де біздің жасақтың 5 құтқарушысы оқиға орнына аттанды. Сағат 15:55-те дарияның жағасына жеткен сүңгуірлер құтқару жұмыстарын бастап кетті», - дейді ОҚО төтенше жағдайлар департаментіне қарасты апатты-құтқару жасағының ресми өкілі Павел Вишенин.

Сол төңіректегі тұрғындар балықшының біреуін судан шығарып алып, жедел жәрдем шақырған. 39 жастағы Аққала ауылы тұрғынының жағдайын Арыс қалалық ауруханасының дәрігерлері орташа деп бағалап отыр. Балықшының миы шайқалған, ашық бас-ми жарақатын алған.

Ал 29 жастағы екінші балықшы әлі де іздестірілуде. Құтқарушылар 5 метр тереңдікке дейін сүңгіп, дарияның түбін мұқият қарап жатыр. Олардың жұмысына дарияның асау ағысы да кедергі болуда. Әзірге багы жарылған қайықты да табу мүмкін болмай отыр.
Сырдарияда Сырдарияда