Сырдариядағы су деңгейі былтырғыдан әлдеқайда жоғары
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Сырдария өзеніне көп мөлшерде су ағып келіп жатыр. Оның үстіне, мамандар биыл қыс қатты болады деп болжам жасады.
Алдағы уақытта және мұз қату кезінде су тасқынын болдырмас үшін қажетті жұмыстар атқарылуда.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов айтты, - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Қырғыз еліндегі Тоқтағұл қоймасындағы су көлемі 19 млрд 340 млн текше метр болса, Әндіжан қоймасындағы су 1 млрд 37 млн текше метрге жеткен. Биыл Бахри Точик, Шарбақ қоймаларында да әдеттегіден көп мөлшерде су жиналған. Ал Шардарадан секундына 400 текше метр су жіберілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 текше метрге артық.
Бүгінгі таңда болуы ықтимал су тасқынының алдын алу жұмыстары жасалуда. Облыс басшылығы тарапынан тиісті тапсырмалар берілген. Мамандар қажетті бөгеттер қараша айының соңына дейін салынып бітетінін айтады. Қауіп туындай қойған жағдайда егістік алқаптарды суаратын барлық деңгейдегі арналар мен көлдерге су жіберіліп, оның деңгейі төмендетіледі.