«Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала салынатын болады» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 10 маусым, сейсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Ашықбаев бастаған қазақстандық делегация Парагвай астанасы - Асунсьонда өткен Америка мемлекеттері ұйымы 44-ші Бас ассамблеясының жұмысына қатысты. Америка мемлекеттері ұйымы - Америка континентінің 35 мемлекетін біріктіретін ірі аймақтық ұйым. Қазақстан 1996 жылдан бері оның тұрақты бақылаушысы болып табылады. Іс-шараның ашылу күні қазақстандық делегация басшысы Парагвай Сыртқы істер министрінің орынбасары Ф.Гонсалеспен кездесті. Әңгімелесуші тараптар біздің елдеріміздің халықаралық күн тәртібінің, соның ішінде теңізге шығатын жолы жоқ мемлекеттер тобымен бірлескен жұмыс аясындағы бірқатар мәселелері бойынша ұстанымдарымыздың жақындығын растады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Е.Ашықбаев пен Ф.Гонсалес Саяси кеңестер орнату туралы меморандумға қол қойып, біздің елдеріміз арасында визалық режімді жеңілдету бойынша келісім жөніндегі жұмыстарды бастауға уағдаласты. Бұл мақала «Ассамблея алаңындағы кездесулер» деген тақырыппен ұсынылып отыр.
Осы басылымның жазуынша, Қызылордада қала салынады. Сырдарияның сол жағалауына. Бүгінде қала түсетін жердің асты-үсті толық зерттеуден өтті. 90 мыңға жуық халық сыятын жаңа шаһардың кескін-келбеті де ерекше болмақ. Оның архитектурасында шығыстың шырайлы келбеті де, қазақы нақыш та, заманауи технология да көрініс табады. Қаланы бастамас бұрын, Сырдарияның арғы беті мен бергі шетін жалғайтын көпір салу керек. Міне, бұрнағы күні сол көпірдің құрылысы басталды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Сенат пен Мәжілістің бір топ депутаттары қатысты. Осы мәселені арқау еткен мақала «Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала салынатын болады» деген тақырыппен берілген.
***
«Әлемде «ақаулы валюта» саналатын доллардан кетудің әралуан жолын еуропалық қауымдастық та қарастырып жатқандай. Осы орайда Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанға несие қаржыны теңгемен ұсынуға шешім қабылдапты»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Еуропа енді несиені теңгемен береді» деген мақаласында. Бұл шешім осы құрлықтық қаржылық ұйым президентінің Қазақстанға сапары барысында рәсімделеді деп күтілуде. Бүгіннен 13 маусымға дейін созылатын ұзақ сапары барысында сэр Сума Чакрабарти Қазақстандағы шешім қабылдауға қатысатын біраз тұлғамен жеке кездесіп, көп мәселені біржақты етпек.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен ЕҚДБ басшысы Сума Чакрабартидің кездесуі кезінде Қазақстан мен еуропалық осы беделді ұйым арасындағы Әріптестік туралы жаңа келісім жайы талқыланады деп мәлімделді.
Осы басылымда «Спортшы болмасыңа қоймайтын заң» деген мақала басылды. «Қазақстанда спорт саласына қатысты ұлттық заңнама толық жаңарғалы тұр. Кеше Мәжілісте жұмыс тобы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның және оған ілеспе заңның жобаларын қарады. Бұл құжаттарды палата бірінші оқылымда мақұлдаған болатын, енді екінші оқылымға әзірленуде»,-деп жазады газет. Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуынша, тұңғыш рет спорт туралы заң жобасын жұртшылық талқыланған екен. Онда елең еткізерлік жаңалықтар жеткілікті. Мәселен, Олимпиада чемпиондары өмір бойғы материалдық қамтамасыз етуге қол жеткізуі мүмкін. Қазақстанның спорт туралы жаңа заңы басқалармен салыстырғанда, шағындау екендігін айтқан жөн: ол 12 тараудан, 60 баптан тұрады. Ерекшеліктері мынадай: біріншіден, спорттағы допингке қарсы күрес мәселесі халықаралық нормаларға сәйкес реттеліп отыр. Өйткені осы саладағы түсінбеушіліктер талай сайыпқыран спортшының бағын байлауы мүмкін. Бұған қоса, заң жобасының нормалары спорттық медицина саласын тиімді дамытуға және реттеуге мүмкіндік туғызбақ.
***
«Жаз шығып, жыл он екі ай жұмыс істеген кез келген адамның көкейінде «Жазғы демалысты қайда өткізсем?» деген сауал туатыны белгілі. Алайда сол еңбек демалысында ойдағыдай демалып жүрміз бе? Олай деп айтуға көптің батылы бармайтыны анық. Бүгінгі баға шарықтаған қымбатшылық заманында кез келген адам демалысын шетелде өткізе бермейтіні рас. Алайда отандық Бурабай мен Сарыағаштың бағасы Еуропа курорттарынан кем түспегендіктен, еліміздегі демалыс орындарында да демалушылар аз», деп жазады «Ана тілі» басылымы соңғы санында. Сарапшылардың айтуынша, отандастарымыздың жартысына жуығы демалысын үйде өткізеді екен. Тіпті азаматтардың демалысын жұмыс берушінің кәсіподақтар арқылы ұйымдастыруы да азайып барады. Міне, осыдан орташа жалақы алатын жандар «жабайы» демалысты таңдайтын көрінеді. Ал демалысын ойдағыдай өткізіп жатқандар отандық демалыс орындарынан гөрі шекара асып, теңіз жағалауында демалғанды жөн санайды екен. Осы мәселені арқау еткен мақала газетте «Шетелге барып демалу мақтаныш па?» деген тақырыппен жарияланды.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Гольф - игра чабанов» атты материал берілген. Бұл материалда элитарлық гольф шын мәнінде шопандардың ойыны екені айтылады. Астаналық Болат Торғыновтың сөзіне қарағанда, шотландтықтар гольфты ойлап табу бойынша монополияны өздері негізсіз иемденіп алған. Осы тектес ойындар ежелде көптеген халықтарда болған, оның ішінде қазақ халқында да. Шопандар уақыт өткізу үшін, лайықталған таяқпен қолға түскен заттарды суырлардың індеріне қарай қағып отырған көрінеді.