Сырдың күріші Иранға, еті Еуропаға экспортталмақ

Бұл туралы журналистермен өткен брифинг барысында Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов айтты.
Басқарма басшысының айтуына қарағанда, биыл Сырдың бас дақылы күріш 9203 гектарға артты. Тамыздың соңғы күндері күрішке орақ түсті. Облыс бойынша күріштен өзге дақылдар толықтай жиналып болды. Бұл күндері өңірде картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинау жұмыстары жалғасып жатыр.
«Үстіміздегі жылы облыс бойынша 180,2 мың гектар жерге егіс егілді. Ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға артық егілді. Мұның басты себептерінің бірі Сырдария өзенінде су барынша мол болды. Жаңадан ашылған жерлерге күріш дақылы егілді», - деді Бақыт Жаханов.
Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы экспорты 55 пайызды құрап отыр.
«Жыл соңына дейін 1 тонна жылқы еті Еуропаға сынақ ретінде экспортқа жөнелтілмек. Бұған дейін Иранға 812 бас қозы жеткізілген болатын. Ендігі мақсат оның санын 10 мыңға дейін арттыру», - деп атап өтті басқарма басшысы.