«Сырғалым» сериалының жалғасы шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Қазақстан" ұлттық арнасы көрсеткен "Сырғалым" сериалының екінші маусымы шығатын болды. Бұл туралы Алматыда "Меломан" дүкенінде өткен арнайы баспасөз конференциясында мәлімделді, деп хабарлайды kinostan.kz.
Телехикаяның өндірісімен айналысқан "Көркем фильм" кинокомпаниясының продюсері Ильхом Джалиловтың айтуынша, жоба барысында қазақ тілінің тазалығына ерекше көңіл бөлінген: "Әрине, біздің сериал қазақ тілін білетін көрермендерге арналған. Біз өзіміздің кейіпкерлер арқылы қазақ тілінде қалай дұрыс және әдемі сөйлеуді көрсетеміз. Түсіру алаңында лингвист жұмыс істейді, ол актерлердің дұрыс сөйлеуін қадағалайды. Біздің тапсырысшымыз - "Қазақстан" телеарнасы қазақ тілінің қолданылуына баса мән береді, бұны біз қолдаймыз", - деді продюсер. Бірінші маусым орыс тіліне аударылыпты. Аударылған нұсқасы телеарнадан қайталанып көрсетіледі. Еске сала кетелік, алғашқы маусымда әкесінің қаладағы досының шаңырағына ауылдан келген қыз туралы баяндалған болатын. Екіншісінде осы Сырғалымның үлкен қаладағы еңбек жолы көрсетілмек. 38 сериядан тұратын "Сырғалым 2" эфирге бірінші маусымның орыс тіліндегі нұсқасы көрсетіліп болғаннан кейін шығады.