«Сырғалым» телехикаясының екінші маусымы көрермендерге жол тартпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп, елімізде ең көп көрермен жинаған «Сырғалым» телехикаясының актерлерімен және оны түсіруші мамандармен кездесу өтті.

«Сырғалым» телехикаясының екінші маусымы көрермендерге жол тартпақ

48 бөлімнен тұратын отандық кино өнімі Қазақстанның көрермені ең көп телехикаясына айналды. Оны күнделікті үздіксіз тамашалайтын аудитория саны миллион адамнан асты, деп хабарлайды kaztrk.kz.

Ағымдағы жылы отбасы құндылықтарын насихаттауды мақсат еткен телехикаяның екінші маусымы - жаңа 32 бөлімі түсірілмек. Бұл туралы фильмнің режиссері мен бас продюсері мәлімдеді. Егер бірінші маусымда қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы дәріптеліп, отбасы мәселелері көтерілсе, екінші маусымда қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтар қамтылып, басты кейіпкер алға қойған мақсаттарына қол жеткізеді.

«Бұл телехикаяда рөлді кәсіби актерлермен бірге сомдадық. Әр актердің өзіндік ой-пікірі болады. Бізді түзетіп те жатады, дұрыс ойнамасақ, айтып отырады. Бұл актерлық мектеп болды деп санаймын», - дейді фильмдегі басты рөлді сомдаған актриса Жұлдыз Маханова.

Сонымен қатар кездесу барысында қазақстандық кинематографияның дамуына қатысты өзекті мәселелер де қозғалды.