Сырғанақ тебуге барғанда қандай қауіпсіздік шараларын ескеру қажет
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа жыл кезінде халық жаппай мұз айдын мен сырғанаққа барып, мерекені өткізетіні белгілі. Әйтсе де мұндай кезде Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД мамандары жарақат алу қаупі барын еске салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің мәліметі бойынша, астана аумағында бүгінгі таңда 30 мұз айдыны мен 40 сырғанақ орналасқан. Атап айтқанда Сарыарқа ауданында 13 мұз айдыны мен 23 сырғанақ, Байқоңыр ауданында 8 мұз айдыны мен7 сырғанақ, 5 мұз қалашығы, Алматы ауданынеда 5 мұз айдыны мен 1 сырғанақ, Есіл ауданында 4 мұз айдыны мен 9 сырғанақ орналасқан.
Мамандар мұз айдыны мен сырғанақта жарақат алып қалмау үшін қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:
• сырғанаққа баспалдақ салынған бөлігімен ғана шығу керек, сырғанап келе жатқандарға қарама-қарсы бағытта сырғанаққа шықпау керек;
• алдыңғы адам сырғанап болғанша төменге құлдилап сырғанамау керек;
• сырғанап болғаннан кейін уақыт өткізбей бірден жеткен жерден басқа бағытқа жылдып кеткен жөн;
• тұрып тұрып сырғанамау керек;
• белді немесе басты сырғанайтын бағытқа бұрып сырғанамау керек, сырғанаққа шыққан кезде де сырғанап түскен кезде де жан-жаққа қарап отырған абзал;
• мұзды жолақты басып өтпеу керек;
• егер сырғанақтың маңынан біреу өтіп бара жатса, сырғанамай ол өткенше күту керек;
• Жарақат алып қалған жағдайда 112 нөміріне хабарласу керек;
• темір жол маңында үйілген қарды сырғанақ ретінде пайдаланбау керек;
• балаларды қараусыз қалдыруға болмайды.