Сыртқы факторларға тәуелді болмас үшін шағын бизнесті дамыту қажет - Бақытжан Сәркеев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы факторларға тәуелді болмау үшін экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін 50%-тен асыру қажет. Бұл пікірді ҚР Стратегиялық бастамалар орталығының (CSI) жобалар жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеев Астана әкімдігіндегі кездесуде айтты.

Сыртқы факторларға тәуелді болмас үшін шағын бизнесті дамыту қажет - Бақытжан Сәркеев

«Астана қаласы шағын және орта бизнесі дамыту бойынша көш бастап тұр. Әйтсе де, бизнестің үлесі әлі де аз. Неге үнемі рубльдің құлдырауына, доллардың қымбаттауына тәуелдіміз? Неге сыртқы саясатқа бағынышты болып отырмыз? Мұның барлығы экономикамыздың тұрақсыздығын көрсетеді. Ал тұрақты экномика болуы үшін тұрақты бизнес керек. Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 50% жеткен кезде ғана экономикамыз тұрақтанады. Ал қазір республика бойынша бұл көрсеткіш бар болғаны 27% құрап отыр. Астана қаласы бойынша экономикадағы ШОБ үлесі 45%, бұл көрсеткішті арттыра түсу қажет», - деді Б. Сәркеев «Бәсекеге қабілетті бизнес - бәсекеге қабілетті экономика» кездесуінде .

Оның пікірінше, елордада өңдеуші өнеркәсіп саласында барынша көбірек ШОБ пайда болса, қала өзін-өзі толығымен қамтамасыз ете алады.

«Республика бойынша алып қарасақ, шағын және орта бизнестің 23% құрылыс саласында, 20% сауда саласында жұмыс жасайды. Яғни, жартысына жуығы не құрылыспен, не саудамен айналысып жатыр. Небәрі 13,4% ғана өңдеу өнеркәсібі саласында жүр. Бізге дәл осы өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнестің санын арттыру қажет. Себебі, біз үнемі импортқа тәуелді болмаймыз», - деді CSI директоры.

CSI өкілінің айтуынша, республика бойынша экспортқа шығарылатын тауарлардың 90% мұнай мен металл болса, импортталатын тауарлардың 70% - өңдеу өнеркәсібі тауарларына тиесілі.