Сыртқы инфляциялық қысым жоғары қалпын сақтап отыр - Пірматов
«Сыртқы инфляциялық қысым әлсірегеніне қарамастан, жоғары қалпын сақтап отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы төмендеп келеді. Алайда ол соңғы бес жылдағы орташа мәндерден жоғары қалыптасуда. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттарында және Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушылық инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Еуропа Орталық банкі инфляцияны жоғары мәндерде ұзағырақ қалады деп күтеді. Осыған байланысты Федералдық резервтік жүйе мен Еуропа Орталық банкінің риторикасы банк секторындағы проблемаларға қарамастан, күшейтілген қалпында қалып отыр», - деді ҰБ төрағасы.
Дегенмен, ол АҚШ пен Еуропа банк секторындағы проблемалар мұнай бағасының динамикасына әсер еткенін атап өтті.
«Осылайша, әлемдік экономиканың рецессияға ұшырау және шикізатқа сұраныстың төмендеу тәуекелдерінің күшеюіне байланысты мұнай бағасы 2023 жылғы базалық сценарийдегі орташа есеппен барреліне 88 доллар деңгейінен сәл төмен қалыптасты. Осыған қарамастан, мұнай бағалары қалпына келе бастады. Ал осы жылы мұнай бағалары Қытайдағы сұраныстың жақсаруынан және ОПЕК+ саясатынан қолдау табады.
2023 жылғы ақпанда ФАО азық-түлік бағаларының индексі өсімдік майы мен сүт өнімдері бағасының арзандауы, сондай-ақ астық пен ет құнының аздап төмендеуі нәтижесінде 0,6% түсті. Аталған азық-түлік бағалары төмендеді, алайда қант бағасы қарқын ала өсті. Баяулағанына қарамастан, әлі де жоғары қалпында тұрған инфляцияға байланысты ірі орталық банктер ақша-кредит шарттарын күшейтуді жалғастырды. Америка Құрама Штаттарының Федералды резервтік жүйесі соңғы отырыста мөлшерлемені 4,75-5 пайыз диапазонына дейін 25 базистік тармаққа, Еуропа Орталық банкі 3,5 пайызға дейін 50 базистік тармаққа көтерді», - деді Ғалымжан Пірматов.