Сыртқы істер министрінің орынбасары Аргентина, Чили және Бразилияға сапарлайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Аргентина, Чили және Бразилияға сапарлайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«2023 жылғы 21-24 тамыз күндері ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың Аргентина, Чили және Бразилияға сапары жоспарлануда. Аргентинада Астана мен Буэнос-Айрес арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында СІМ аралық саяси консультациялардың төртінші раунды өтеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығын ашу, қоғамдық және саяси топтар өкілдерімен кездесу жоспарланған», - деді ресми өкіл министрліктің апталық брифингінде.
Ал Чилиде СІМ аралық саяси консультациялардың үшінші раундын өткізу жоспарлануда. Келіссөзде Тынық мұхиты альянсы шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері, Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіру перспективалары, елдеріміз арасындағы визалық режим, екіжақты сауда және инвестиция тарту мәселелері талқыланады.
Қайрат Омаровтың Бразилияға сапарында Қазақстанның инвестициялық және экспорттық әлеуетіне арналған жергілікті іскер топ өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастыру және Сан-Паулуда Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылуы, Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының президенті Жильберто Порселло Петримен кездесу жоспарланған.
«Аталған елдерге сапарлар нәтижесінде сауда-инвестициялық ынтымақтастықты құруға және халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған жаңа келісімдерге қол жеткізіледі деп күтілуде», - дейді Айбек Смадияров.